ОРАЛ. ҚазАқпарат - Ақтөбе қаласында өткен «Әлем TALANT STARS» атты халықаралық байқауда Сырым аудандық балалар мен жасөспірімдердің шығармашылық орталығының оқушылары Ақбота Ширмедин мен Гүлназым Ерболатова бас жүлде иегері атанды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
Аталмыш орталықтан түскен мәліметке қарағанда, Ақбота Ширмедин «Көркем сөз» аталымы бойынша 68 үміткердің ішінен үздік атанды. Мейірбек Тайманов жетекшілік ететін «Дарын» ақындар үйірмесінің мүшесі А.Ширмедин биылғы жыл басында оқушылар арасында өткен республикалық ақындар мүшәйрасының жеңімпазы атанған еді.
Орталық жанындағы «Драма» үйірмесінің (жетекшісі Эльдар Әубәкіров) мүшесі Гүлназым Ерболатова «Драма» аталымы бойынша бас жүлдені алумен бірге «Көркем сөз» аталымында бірінші орынға ие болды.
Сонымен қатар «Дарын» ақындар үйірмесінің оқушысы Аружан Иосифова «Көркем сөз» аталымы бойынша өз тобында І орынның иегері атанды. Қайрат Рахметов жетекшілік ететін «Вокал» үйірмесінің мүшесі Аруна Закина бірінші, ал Нұргелді Ғабдуллин үшінші орынға көтерілді. «Аружан» және «Айналайын» би ұжымдары өз топтары бойынша бірінші орынды еншіледі. Бұл би ұжымдарына Айнагүл Сарғозиева мен Гүлшат Нұрмұханова жетекшілік етеді.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).