ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батысқазақстандық спортшы Зайреден Мұхамбетжанов Астана қаласында грэпплингтен өткен Азия чемпионатында күміс жүлдегер атанды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
Оның бапкері Алмаз Ихсановтың айтуынша, шәкірті 77 кг салмақта әуелі қырғыз, сосын өзбек спортшысын ұтты. Финалда Қазақстанның тағы бір өкілі, қарағандылық Марат Құтжановқа 2:3 есебімен есе жіберді. З.Мұхамбетжанов мұның алдында Қазақстан біріншілігінде финалда дәл осы М.Құтжановты ұтқан болатын.
«Грэпплинг те самбо, дзюдо сияқты күрес түрі болып есептеледі. Оны Қазақстанда, соның ішінде өңірлерде кеңінен тарату бағытында елордада бүгін семинар да өткізілді. Зайреден Қазақстан құрамасына №1 спортшы ретінде алынып отыр. Облыстан қаржыландыру болса, бұйырса, қазан айында Әзербайжан астанасы Бакуде өтетін әлем чемпионатына қатысады», деді «ҚазАқпарат» тілшісіне А.Ихсанов.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).