ОРАЛ. ҚазАқпарат - Болгарияның Варна қаласында 12-17 жастағылар арасында киокушинкай каратэ KWU-дан өткен әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы табысты өнер көрсетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ұлттық республикалық киокушинкай-кан федерациясы БҚО филиалының директоры Солонго Исханның айтуынша, дүниежүзілік додаға әлемнің ең күшті деген 751 каратэшісі қатысты.
«KWU - киокушинкай каратэнің біріккен әлемдік қауымдастығы. Әлем біріншілігінде бәсекелестік жоғары болды. Міне, сондай айтулы додада батысқазақстандық шәкіртіміз Нұргүл Сапарова күміс жүлдеге қол жеткізді. Нұргүл үш кездесуінде жеңіске жетіп, тек соңғы бәсекеде төрешілер шешімімен 2016 жылғы әлем чемпионына жол берді. Бұл - үлкен жеңіс», - деді ҚазАқпарат тілшісіне С.Исхан.
Айта кетейік, әлем біріншілігінде Қазақстан құрамасы жалпы есепте 1 алтын, 3 күміс, 6 қола медальмен үшінші орынға көтерілді. Мағжан Әбдухалық чемпион атанса, Нұргүлден басқа Рахат Жанғабылов пен Кәмила Кемелбекова күміс жүлдеге ие болды. Сонымен қатар Айбек Шаукилов, Алдияр Досымов, Жанель Едлипова, Медет Әжібек, Бекарыс Сұрағанбек, Нұрасыл Мықтыбек қола медальді еншіледі.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).