Батысқазақстандық каратэші әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанды
00:14, 04 Сәуір 2016
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Польшаның Быдгощ қаласында каратэ-додан жастар арасында мәреге жеткен әлем чемпионатында батысқазақстандық спортшы Дархан Темірәлиев күміс жүлдегер атанды.
БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасынан түскен мәліметке қарағанда, аталмыш дүниежүзілік додаға әлемнің 46 елінен 3 мыңдай спортшы қатысты.
Дархан чехиялық, поляк, алжирлік және түркиялық қарсыластарын тізе бүктіріп, тек финалда өзбек спортшысына 1:2 есебімен есе жіберді. Сонымен қатар Қазақстан құрамасы командалық сында үшінші орынды иеленді. Мұнда тағы бір батысқазақстандық Бекарыс Елемесов те өнер көрсетті.
Айта кетейік, Д.Темірәлиев - өткен жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері.