ОРАЛ. ҚазАқпарат - Болгарияның Камчия қаласында каратэ киокушинкай KWU-дан әлем кубогы жарысында Қазақстан құрамасы табысты өнер көрсетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ұлттық республикалық киокушинкай-кан каратэ федерациясы БҚО филиалының директоры Солонго Исханның мәлім еткеніндей, айтулы додаға түрлі федерациялардан (KAN, SHIN, IFK, KWF) әлемнің 32 елінен 600-ден астам спортшы қатысып, бақ сынады.
Ел құрамасы сапында Батыс Қазақстан облысынан төрт спортшы барып, бәрі де жүлдеге ілікті. Әсіресе, 16-17 жас арасында 55 кг салмақта сынға түскен Нұргүл Сапарова төрт жекпе-жегінде де жеңіске жетіп, чемпион атанды.
Ұзаққа созылған соңғы бәсекеде ресейлік әлем чемпионына жол берген Эльнара Тоғызбаева күміс жүлдеге ие болды. Ал Шайнұр Садықов пен Гүлзия Өмірзақова үшінші орынға көтерілді.
Жалпыкомандалық есепте Қазақстан құрамасы 9 алтын, 17 күміс және 23 қола медальмен екінші орынды еншіледі. Соның ішінде Ұлттық республикалық киокушинкай-кан каратэ федерациясынан барған Н.Сапароваға қоса Айбек Аманов, Темірлан Жәнібек, Мәдина Сауытова және Александр Тронягин алтын медальді жеңіп алды.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).