Оның бапкері Асқар Досжановтың айтуынша, Кәмила каратэнің олимпиадалық WKF түрінен 14-15 жастағылар арасында 54 кг салмақ дәрежесінде сынға түсті.
Батыс Қазақстан облысынан жалғыз барған К.Жоламанова алғашқы бәсекесінде негізгі қарсыластың бірі, ирандық спортшыны 1:0 есебімен тізе бүктірді. Содан кейін вьетнамдыққа 0:4 есебімен есе жіберді. Қола жүлде үшін бәсекеде Макаодан келген қытайлық қызды 8:2 есебімен айқын басымдылықпен ұтты.
Осылайша К.Жоламанова каратэ Олимпиада бағдарламасына енгізілгеннен бері БҚО бойынша тұңғыш рет Азия чемпионатының жүлдегері атанып отыр.
Жарыстың алғашқы күні Қазақстан құрамасы 1 алтын, 1 күміс және 3 қола медальмен жалпыкомандалық есепте Жапония мен Ираннан кейін үшінші орынға шықты.
Шымкенттік Олжас Құлажан 14-15 жастағылар арасында 70 кг салмақта алтыннан алқа тақты. Алматылық Лия Қошқарбаева Ката бағдарламасы бойынша күміс жүлдеге қол жеткізді. Сондай-ақ 14-15 жастағылар арасында қарағандылық Валерия Рудакова (54 кг) мен ақтаулық Бекарыс Салауат (57 кг) үшінші орынға көтерілді.
Айта кетейік, Азия біріншілігі 13 мамыр күні мәреге жетеді.
19:43, 11 Мамыр 2018
Батысқазақстандық каратэші Азия чемпионатының қола жүлдегері атанды
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Жапонияның Окинава қаласында каратэден кадеттер, жасөспірімдер және жастар арасында бүгін басталған Азия чемпионатында батысқазақстандық Кәмила Жоламанова қола жүлдегер атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.