ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батысқазақстандық Арсен Нағымов Иран астанасы Тегеранда киокушинкан каратэден өткен халықаралық чемпионатта жүлдегер атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ұлттық республикалық киокушинкай-кан каратэ федерациясы БҚО филиалының директоры, Арсеннің бапкері Солонго Исханның айтуынша, шәкірті Қазақстан құрамасы сапында 16-17 жастағылар арасында 55 кг салмақта сынға түсті. Жарыс қорытындысында А.Нағымов қола жүлдені жеңіп алды.
Ірі рейтингтік турнирлердің бірі саналатын аталмыш чемпионатқа жасөспірімдер мен ерлер арасында әлемнің 15 елінен 600-ден астам спортшы қатысты. Қазақстан құрамасы 3 алтын, 2 күміс, қос қола жүлдеге ие болды. Атап айтқанда, Айбек Аманов, Өркен Есенгелдиев, Мирас Тәңірберген чемпион атанса, Астам Дробязко мен Нұрбақыт Жұмабек екінші, Бейбарыс Асылбек үшінші орынға көтерілді.
«Енді алдағы ірі жарыстарға дайындалып жатырмыз. 16-18 наурызда Қарағанды қаласында ҚР V жазғы спартакиадасы өтеді. 27-29 сәуірде Токио қаласында әлем чемпионаты мен халықаралық турнир болады, оған Батыс Қазақстан облысынан төрт бірдей спортшы қатысады», - деді ҚазАқпарат тілшісіне С.Исхан.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).