ОРАЛ. ҚазАқпарат - Қырғызстан астанасы Бішкек қаласында каратэ-додан өткен WKF "BISHKEK OPEN" Х халықаралық турнирінен батысқазақстандық каратэшілер олжалы оралды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасынан түскен мәліметке қарағанда, аталмыш жарысқа Тәжікстан, Өзбекстан, Ресей, Украина, Қазақстан, Түркменстан, Қырғызстан елдерінен 1200 спортшы қатысып, ересектер, жастармен қатар жасөспірімдер мен балалар жас ерекшеліктеріне қарай бақ сынады.
БҚО құрамасы сапында 7 спортшы өнер көрсетсе, соның ішінде жастар арасында 55 кг салмақта Дархан Темірәлиев күміс жүлдегер атанса, Әсет Мағалымов үшінші орынды иеленді. Ал Нұрислам Қайырғалиев 27 кг салмақта алты қарсыласын ұтып, тек бір спортшыға жол беріп, қола жүлдені иеленді.
Жарыс олимпиада бағдарламасы бойынша өтті. Ринат Мерғалиев баптайтын спортшылар енді ересектер арасында Тараз қаласында өтетін ҚР чемпионатына қатысады.
Айта кетейік, каратэнің дәл осы WKF түрі 2020 жылы өтетін Токио олимпиадасының бағдарламасына енгізілген.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).