БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, турнирге еліміздің 15 өңірінен 500 спортшы қатысып, бақ сынады. 12 жасар және одан жоғары жастағылар кумитэ мен ката бойынша 25 салмақ дәрежесінде сынға түсті.
БҚО-дан елу каратэші кілемге шығып, солардың ішінде Айназ Мәшенова, Аружан Серікова, Нұргүл Сапарова, Эльнара Тоғызбаева, Шайнұр Садықов жеңімпаз атанды. Дидар Забиғуллин, Арсен Нағымов, Әлихан Құбаев, Диана Дәкірова, Гүлзия Өмірзақова, Камилла Қайырғалиева күміс, Нұрсұлу Қасенова мен Алина Нұғманова қола жүлдеге ие болды.
Сонымен қатар ҚР кубогы аясында 6-11 жастағылар арасында республикалық турнир өтіп, онда батысқазақстандықтар Аружан Қуан, Әділ Байғуатов, Ескендір Жомарт, Қарақат Асылбекқызы жеңіс тұғырына көтерілді. Батырхан Байқат екінші, Рада Рязанцева, Ерасыл Жақсыбай, Айбол Иманғалиев үшінші орынды еншіледі.
Оған қоса шоу киокушин профиден «Сыр шайқасы» халықаралық жарысы болып, бұған Ресей, Қырғызстан және Беларусь елінен де келген спортшылар қатысты.
Батысқазақстандық бапкерлер енді алдағы жарыстарға үміт артып отыр. «28-29 сәуір күндері Жапония астанасы Токиода халықаралық турнир және чемпионат өтеді. Міне, сонда шәкірттеріміз Нұргүл Сапарова, Арсен Нағымов және Асылжан Жасбуынов ұлттық құрама сапында ел намысын қорғайды. Біз оларға сәттілік тілейміз», деді Солонго Исхан.