ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батысқазақстандық кәсіпкер, облыстық мәслихат депутаты Нұрғазы Сәтбаев «Біз біргеміз!» акциясына қолдау білдіріп, арнайы қорға 10 млн теңге аударды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Nur Otan» партиясы облыстық филиалының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, Н.Сәтбаев – өңірге танымал кәсіпкер, «Uniserv» ЖШС бас директоры.
БҚО мәслихатындағы «Nur Otan» партиясы депутаттық фракциясының мүшесі Н.Сәтбаев – өңірдің қоғамдық-саяси өміріне, қайырымдылық шараларына белсене араласатын халық қалаулыларының бірі.
Депутат бұған дейін де әлеуметтік жағынан аз қамтылған бірнеше отбасына қолұшын созып, үй салып берген болатын.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда коронавирус анықталды деп жалған хабар таратқан әйелдің ұсталғанын, жолаушылар тасымалына шектеу енгізілетінін жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).