Батысқазақстандық кәсіпкер жеті жылға бас бостандығынан айрылды

None
ОРАЛ. 20 желтоқсан. ҚазАқпарат - БҚО сотының қылмыстық істер жөніндегі апелляциялық сот алқасы белгілі кәсіпкер, «Пойма» астық қабылдау кәсіпорнының құрылтайшысы Мұрат Жаркеевке жеті жыл жаза кесті.

Облыстық соттың баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, сот үкімімен М.Жаркеев ҚР ҚК 176-бабы 4-бөлімі 6-тармағы бойынша айыпты деп танылды. Жеті жылға бас бостандығынан айрылған кәсіпкердің мүлкі тәркіленіп, жазасын жалпы режимдегі колонияда өтейтін болады.

Бұл ретте апелляциялық сот алқасы Орал қалалық сотының биылғы 31 мамырдағы Жаркеевті қылмыс құрамы болмағандықтан, ақтап шығару туралы үкімінің күшін жойды. Сөйтіп жаңа, айыптау үкімін шығарды.

Осы іс бойынша «Пойма» астық қабылдау кәсіпорнының директоры Мәлік Иманғалиев Орал қалалық сотының үкімімен жеті жылға сотталған болатын. Иманғалиев облыстық сот алқасына апелляциялық шағым түсіргенімен, ол қанағаттандырусыз қалдырылды.

Тергеу барысында анықталғанындай, аталған тұлғалар 2012 жылы сәуір-маусым аралығында «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ҰК» АҚ-ға тиесілі астықты қоймадан «жөнелтіп» отырған. Сонымен оған 600 млн. астам теңге көлемінде залал келтірген.