ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театры Македонияның Велес қаласында өткен «Стоби - 2016» антикалық драма театрларының ХV халықаралық фестивалінің бас жүлдесін жеңіп алды.
Аталмыш қазақ театрынан түскен мәліметке қарағанда, батысқазақстандық ұжым көне грек драматургі Еврипидтің әйгілі шығармасы негізінде «Троя аруларын» сахналады. Қойылымды велестік көрермендер мен театр сыншылары өте жылы қабылдады.
Гран-приге қоса «Троя аруларын» қойған тараздық белгілі режиссер, Ш.Айтматов атындағы халықаралық сыйлықтың лауреаты Қуандық Қасымов «Ең үздік режиссура», Гекуба бейнесін сомдаған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бибігүл Есалиева «Ең үздік әйел образы» аталымдарын жеңіп алды.
Айта кетейік, батысқазақстандық театр дәл осы спектакльмен 2015 жылы Керчь қаласында 5-10 маусым аралығында өткен «Боспорские агоны» халықаралық антикалық өнер фестивалінің де бас жүлдесін иеленген болатын. Сондай-ақ сол жолы да Б.Есалиева «Ең үздік әйел бейнесі үшін» аталымын иеленген еді.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).