Батысқазақстандық қол күресі шеберлері әлем және Азия чемпионатына жолдама алды

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Алматы қаласында мәреге жеткен гір спорты және қол күресінен жасөспірімдер мен жастар және қыздар арасындағы ел чемпионатында батысқазақстандық спортшылар табысты өнер көрсетті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Гір спорты мен қол күресінен БҚО құрамасының аға жаттықтырушысы Мұрат Ибатовтың айтуынша, гір спортынан Роза Варданян 68 кг салмақта күміс жүлдегер атанса, Анастасия Седова 68 кг, Расул Төлеуов 85 кг салмақта қола медальді иеленді. Қол күресінен Қайсар Қабылов 85 кг салмақта екінші орынға көтерілді. Сондай-ақ Кенжеқыз Қаупенова 65 кг, Фархат Қалиев 90 кг, Сүйесін Құмаров 80 кг, Арайлым Қанатова 70 кг және пара қол күресінен Жиенбек Қошанов 70 кг салмақта үшінші жүлдені еншіледі.

«Чемпионат қорытындысы бойынша өзім баптайтын, жастар арасында сынға түскен Қайсар Қабылов пен Кенжеқыз Қаупенова Венгрия елінде өтетін әлем чемпионатына жолдама алды. Олар бір айдан кейін Бурабайда өтетін ересектер арасындағы ел біріншілігінде де бағын сынап көреді. Оған қоса жеті спортшы Қырғызстанда болатын Азия біріншілігіне баратын болды», деді «ҚазАқпарат» тілшісіне М.Ибатов.