Батысқазақстандық қос балуан олимпиада жолдамасына ие болды

None
АЛ. 19 қыркүйек. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Ыстамбұл қаласында еркін күрестен мәреге жеткен әлем біріншілігінде батысқазақстандық қос балуан Әбділхәкім Шапиев пен Таймұраз Тигиев олимпиада жолдамасына ие болды.

Алдымен 96 келі салмақта кілемге шыққан Бейжің олимпиадасының күміс жүлдегері Т.Тигиев күшті қарсыластар тап келсе де, өзінің бабында екенін танытты. Әсіресе, оның ресейлік сыралғы қарсыласы, олимпиада чемпионы, әлемнің төрт дүркін жеңімпазы Қажымұрат Гацаловты жеңуінің өзі неге тұрады. Жартылай финалда Таймұраз боз кілем иесі, осы жолы әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанған Серхат Балчиге жол берді. Бұл жерде төрешілердің түркиялық балуанға бүйрегі бұрғанын айту керек. Ал қола жүлде үшін американлық балуан Джейкоб Варнермен белдесу кезінде төрешілер көрер көзге қиянат жасады деуге болады. Бірінші кезеңде 3:0 есебімен алға шыққан Таймұразға қалған уақытта төрешілер берген ұпайларын қайтып алып, жеңісті америкалыққа «сыйлап» жіберді.

Әлем чемпионатының өткен жылғы қола жүлдегері Ә.Шапиевтің сол табысын биыл да қайталауына мүмкіндігі болды. 74 келі салмақта біраз балуанның жауырынын жер иіскеткен Әбділхәкім қола жүлде үшін бәсекеде грузиялық Давид Хутсишвилимен белдесті. Бірінші кезеңді 5:1 есебімен айқын басымдылықпен аяқтаған А.Шапиевтің, неге екені белгісіз, содан кейін арыны басылып қалғандай болды. Есесіне грузиялық балуан өршелене алға ұмтылды. Екі кезең тең аяқталғанымен, жеребе грузиялыққа жолдас болды.

Батысқазақстандық қос балуан бұл жолы жүлде алмағанымен, ең бастысы, олимпиада жолдамасына қол жеткізді. Енді олар Лондон олимпиадасында қарсыластарынан есе қайтара алады.