Департаменттің баспасөз қызметінен хабарлағанындай, Елбасының Жарлығымен әскери және қызметтік міндетін мүлтіксіз орындап, қоғамдық тәртіпті сақтауда батылдық көрсеткені үшін Орал қалалық ішкі істер басқармасы жол-патрульдік полициясы взводының командирі, полиция аға лейтенанты Мұхит Амантайұлы Әбілхайыров пен департамент автошаруашылығының жүргізуші-полицейі, полиция аға сержанты Ғабит Ұялыұлы Нұғманов «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды. Оларға Елбасы атынан жоғары марапатты БҚО ІІД бастығы, полиция полковнигі Махамбет Әбисатов салтанатты жағдайда табыс етті.
Еске сала кетейік, биылғы мамырда М.Әбілхайыров бастаған полицейлер көше бойында қызмет бабымен жүргенде, «Құтқарыңдар! Өрт, іште адам қалды!» деген дауысты естиді. Сол бойда М.Әбілхайыров екінші қабатта өртеніп жатқан пәтерге ұмтылады. Темір есігі жабық болғаннан кейін бірінші қабаттан жоғары өрмелеп, балконның терезесін сындырып, ішке енеді. Бұл кезде пәтер ішіндегі ер адам есіктің кілтін таба алмай, есінен айырыла бастаған екен. Мұхит әріптестерінің көмегімен ер адамды өрттен алып шығады. Ал Ғабит Нұғманов көшеде жүгіріп бара жатқан күдіктінің соңына түсіп, құтқармайды. Ол біреудің үйіне басып кіріп, мылтығымен қорқытып, ақшасы мен алтын бұйымдарын алып кеткен баукеспе болып шығады.
Тәуелсіздік мейрамына орай сондай-ақ ҚР Ішкі істер министрінің бұйрығымен бірқатар батысқазақстандық полиция қызметкерлеріне мерзімінен бұрын шендер беріліп, енді біреулері грамота, алғысхаттармен марапатталды.