Батысқазақстандық қос дзюдошы ел чемпионатында жүлдегер атанды

None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батысқазақстандық қос дзюдошы Ақтау қаласында ересектер арасында өтіп жатқан ел чемпионатында жүлдегер атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасы мәлім еткендей, Тоқтар Үмітәлиев пен Гүлдана Әлмұханбетова өз салмағында қола жүлдеге ие болды.

Жарыстың алғашқы күні 60 кг салмақта күрескен Тоқтар жартылай финалда Алматы облысының өкілі Дамир Болатбековке есе жіберді. Бұл салмақта финалда Д.Болатбековті ұтқан қызылордалық Мағжан Шамшадин чемпион атанды. Қарағандылық Ержан Еренғайыпов тағы бір қола жүлдені еншіледі.

52 кг салмақта татамиге шыққан Гүлдана жартылай финалда маңғыстаулық белгілі спортшы Анна Казюлинадан аса алмады. А.Казюлинаны жеңген Алматы облысының өкілі Нұрсұлу Ералиева жеңімпаз атанса, тағы бір қола медаль қызылордалық Құндыз Жылқыбайға бұйырды.

Жастайынан дзюдомен шұғылданып келе жатқан 22 жастағы Тоқтар Үмітәлиев – жасөспірімдер арасында Қазақстан чемпионы, ересектер арасында ҚР спартакиадасының жеңімпазы. Бапкері – Азамат Қапсатов.

Бөрлілік Гүлдана Әлмұханбетованың алғашқы бапкері – Мәншүк Баданова. Қазіргі кезде Гүлдананы Қасым Қаженов жаттықтыруда.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Ақтауда дзюдодан Қазақстан чемпионаты өтіп жатқанын жазған болатынбыз.

Ел біріншілігі 21 желтоқсанда аяқталады.