ОРАЛ. ҚазАқпарат - Ақтөбе қаласында қазақтың ақиық ақыны Мұқағали Мақатаевтың туған күніне орай ұйымдастырылған республикалық «Мұқағали - мәңгілік ғұмыр» байқауынан Сырым ауданынан барған Ақбота Ширмедин мен Аружан Иосифова бас жүлде алды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
Ақботаның ағасы, белгілі айтыс ақыны Бауыржан Ширмединұлының айтуынша, жыр бәйгесіне Батыс Қазақстан, Атырау, Маңғыстау, Қарағанды және басқа облыстардан жиырмадан астам балауса ақын қатысқан. 11 жасар Ақбота Ширмедин Ж.Досмұхамедов атындағы орта мектепте оқиды. Аудандық балалар шығармашылығы орталығы жанындағы «Дарын» ақындар үйірмесінің мүшесі. Өлеңді кішкентайынан тыңдап өскен Ақбота ағасы сияқты айтыс өнеріне де ниеттеніп жүр. Аталмыш үйірмеге жас ақын Мейірбек Жампозов жетекшілік етеді. Қос бірдей шәкіртінің бас жүлдені иеленуіне оның қосқан үлесі мол.
Айта кетейік, Оралда облыстық Мұқағали оқулары да мәреге жетті. Онда жеңімпаз атанған дарынды балаларға арналған мамандандырылған С.Сейфуллин атындағы №11 облыстық мектеп-интернаты кешенінің 10-сынып оқушысы Айару Болатова алдағы наурыз айында өтетін байқаудың республикалық кезеңіне жолдама алды.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).