Батысқазақстандық қос самбошы Азия чемпионы болып оралды
12:27, 16 Маусым 2010
ОРАЛ. Маусымның 16-сы. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Батысқазақстандық қос самбошы Ташкент қаласында өткізілген Азия чемпионатынан жеңімпаз болып оралды.
Әскери самбодан 24 жасар балуан Бауыржан Ғұмаров 68 келі салмақ дәрежесінде Өзбекстан елінің спортшысы Әлішер Тораевты, түркіменстандық Пена Нұрышевты, Ресей балуаны Даш-Шви Аибекті тізе бүктіріп, финалда кореялық Ку Мунг Кимен белдесіп, таза жеңіске жетті. Сөйтіп, Махамбет Өтемісұлы атындағы БҚМУ-дың дене шынықтыру және спорт факультетінің түлегі, қазір шекарашы міндетін абыроймен атқарып жүрген Бауыржан әскери самбо күресі бойынша Азия чемпионы атанды.
Сондай-ақ осы байрақты бәсекеде тағы бір батысқазақстандық Қазбек Сұпығалиев самбодан 57 келі салмақ дәрежесінде шеберлік жарыстырып, жастар арасында екі дүркін Азия чемпионы атанды.