Батысқазақстандық құтқарушылар «Төтенше жағдайдағы ерлігі үшін» медалімен марапатталды
11:12, 03 Қыркүйек 2010
ОРАЛ. Қыркүйектің 3-і. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Батысқазақстандық құтқарушылар Нұрқан Жолақов пен Нұрхат Салықов «Төтенше жағдайдағы ерлігі үшін» медалімен марапатталды.
Облыстық судан құтқару қызметінен ҚазАқпарат тілшісіне хабарлағанындай, Шалқар көліндегі №2 судан құтқару стансасында қызмет ететін қос құтқарушы биылғы маусымның 5-інде 14 жасөспірімді құтқарып қалған болатын. Орал қаласындағы қазақ-түрік лицейінің оқушылары көл жағасында иесіз тұрған екі катамаранды суға түсіріп, серуендеген. Аяқ астынан соққан қатты жел қос катамаранды көл ортасына қарай ықтырып ала жөнелген. Осыны дер кезінде байқаған Н.Жолақов пен Н.Салықов «Казанка» моторлы қайығымен лезде барып, 14 оқушыны ажалдан арашалап қалған еді.