ОРАЛ. ҚазАқпарат - Дарынды балаларға арналған мамандандырылған С.Сейфуллин атындағы №11 облыстық мектеп-интернаты кешенінің шәкірттері Қарағанды қаласында өткен үшінші халықаралық "RoboLand-2017" робот техникасы фестивалінде табысты өнер көрсетті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
Балаларды бастап барған аталмыш мектеп директорының ғылыми-әдістемелік жұмыстар жөніндегі орынбасары Жеңіс Шоңбаевтың айтуынша, халықаралық жарысқа Қазақстан, Ресей елдерінен барлығы 549 команда қатысып, түрлі санат бойынша сынға түсті.
Батысқазақстандық №11 мектептен үш бірдей команда кегельринг квадро х 2, экороботтар және шығармашылық санаттары бойынша бақ сынады. Жарыс қорытындысында «Kerderi» командасының мүшелері Дулат Мұратов пен Әлібек Залмұқанов «Қоршаған ортаны қорғау. Экороботтар» тақырыбындағы шығармашылық жұмысы үшін бірінші орын алып, диплом, медальдармен, кубокпен марапатталды. Сондай-ақ кегельринг квадро х 2 санаты бойынша «Ну, погоди!» командасының мүшелері Дәулет Ерсайынов пен Дәуірбек Сақтаров та бірінші орынға көтеріліп, диплом, медаль, кубокқа қоса арнайы сыйлықтарды еншіледі. Ал «Стрела» командасына (Расул Сидихов пен Мақпал Амангелдиева) сертификат табыс етілді. Командалардың жаттықтырушысы Ж.Шоңбаев та ескерусіз қалған жоқ.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).