ОРАЛ. 27 наурыз. ҚазАқпарат - Ақжайық ауданының оқушылары тау туризмінен Астанада Қазақстан кубогі үшін өткен республикалық жарыста бірінші орынды иеленді.
БҚО балалар мен жасөспірімдер туризмі және экология орталығының директоры, педагогика ғылымдарының кандидаты Виктор Фоминнің хабарлағанындай, аталмыш жарысқа республика өңірлерінен барлығы 15 команда қатысқан. Батыс Қазақстанда тау жоқ болса да, ақжайықтық өрендер шыңға өрмелеуден таулы өлкелердегі әріптестерін де артқа қалдырған.
Ақжайық аудандық туризм және экология орталығының қосымша білім беру педагогы, ҚР құрметті туризм қызметкері Марат Досқалиев жаттықтыратын С.Ошанов атындағы және Мерген орта мектептерінен құралған туристер командасы осы наурыз айында Ақмола облысының Шортанды қаласында Қазақстанның шаңғы туризмінен өткен ашық біріншілігінде жеңімпаз атанған болатын. Сөйтіп одан бұрын да республикалық, халықаралық жарыстардан жүлдегерлер қатарынан көрінген команда жаңа биікке көтеріліп отыр.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).