ОРАЛ. 5 желтоқсан. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Дарынды балаларға арналған С.Сейфуллин атындағы мамандандырылған №11 облыстық қазақ мектеп-интернаты кешенінде ел тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай «Жиырма жұлдызды күн» аясында «Жас ұлан» республикалық балалар мен жасөспірімдер ұйымына мүшелікке оқушыларды қабылдау салтанаты өткізілді.
Дәл осындай шара еліміздің түкпір-түкпірінде қатар өткізіліп, республикалық балалар мен жасөспірімдер ұйымына еліміздің барлық аймағынан жиырма мың оқушы қабылданса, оның бір мыңын батысқазақстандықтар құрап отыр. Ал қала мектептерінен қабылданған 130 оқушының 40-ы осы мектептің шәкірттері болуы мектеп мәртебесін айқындағандай.
Салтанатты шарада облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан Ноғаев, облыстық білім басқармасының бастығы Марат Тоғжанов, БҚО ішкі саясат басқармасы бастығының орынбасары Серік Бисембаев, ардагер ұстаз Мариям Абдушева, жастар ұйымдарының көшбасшылары «Жас ұлан» қатарына қабылданушы оқушыларға галстук пен төсбелгі тақты.
Ортасынан оза шыққан белсенді шәкірттерді қатарына қабылдаған бұл ұйымның мақсаты - ұлттық және жалпы адамзаттық құндылықтарға сәйкес рухани дүниесі кең тұлғаны қалыптастыру, балалар мен жасөспірімдерді қазақстандық патриотизм рухында тәрбиелеу.
«Қазақстан!», «Нұрсұлтан!», «Жас ұлан!» деп ұрандаған ұйымға қабылданушылар ұйымның антын қабылдап, әнұранын орындады.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).