БҚО мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасынан түскен мәліметке қарағанда, Алматы сахнасында Дәулеткерей атындағы қазақ халық аспаптар және облыс әкімінің эстрадалық-симфониялық оркестрлері, әншілер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қатимолла Бердіғалиев, ҚР еңбек сіңірген әртістері Жұмағаным Рахимова, Қанатқали Қожақов, Сәуле Таудаева, белгілі домбырашы, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, «Құрмет» орденінің иегері Ермек Қазиев өз өнерлерін көрсетті. Сондай-ақ алматылық көрермендер «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегерлері Жаскелең Ғайсағалиев, Марат Сарбөпеев, Жаңылсын Хасанова, мәдениет саласының үздіктері Майра Хайдарова, Камалиден Айтбаев және басқа жас орындаушылардың өнеріне тәнті болды.
Концертті БҚО әкімінің орынбасары Игорь Стексов та тамашалады.
«Мұндай кең құрамда Алматыға біраздан бері жол түспеп еді. Тәуелсіздіктің торқалы тойына орай облыс басшылығының қолдауымен батысқазақстандық оркестрлер мен шығармашылық ұжымдары, жекелеген әртістер өз өнерін Алатау төрінде жан-жақты жарқыратып көрсетуге мүмкіндік алды. Табысты өткен бұл концерт көрермендерге де, Ақ Жайықтың әртістеріне де ерекше әсер сыйлады»,- деді ҚазАқпарат тілшісіне БҚО мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Дәулеткерей Құсайынов.