ОРАЛ. 13 қараша. ҚазАқпарат - Алматы қаласында өткен IХ республикалық «Ақ көгершін» фестивалінен ҚР халық ағарту ісінің үздігі, Жалпақтал ауылындағы К.Меңдәлиев атындағы орта мектеп жанындағы терме сыныбының оқытушысы Баян Қабиеваның төрт бірдей шәкірті жүлдемен оралды.
Өзінің айтуынша, фестиваль қорытындысында Бақытжан Ғилымов 2-орынға ие болып, лауреат, ал Аида Оразова, Мөлдір Нұғманова, Венера Асқарова дипломант атанды. Бұл фестивальдың бір ерекшелігі - жеңімпаз балаларға шетелдік байқауларға жолдама беретіні. Биылғы тамыз айында осы фестивальда лауреат болып, Чехияға жолдама алған тағы бір шәкірті Әмина Ғайнеденова ол елден 1-орын алып қайтты.
1990 жылы облыс мектептері арасында терме сыныбын алғаш ашқан Б.Қабиеваның класында бүгінде 13 оқушы дәріс алуда. Базар жырау, Шал ақын, Ғ.Құрманғалиевтің термелерін шебер орындаған жеңімпаз балалар наурыз айында Астана қаласында өтетін халықаралық «Ақ көгершін» байқауына жолдама алды.
Жиырма бес жылдан бері Қабиевтердің халықтық отбасылық ансамбліне жетекшілік етіп, ауыл мәдениетін өркендетуге еңбек сіңіріп жүрген Баян Қабиеваның тәрбиелеген шәкіртері бұдан бұрын да әр түрлі өнер сайыстарында бәйге алып, облыс мерейін көтерген болатын.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).