ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батысқазақстандық палуан Ерасыл Бақыт Ресейдің Чебоксары қаласында самбо күресінен мәреге жеткен бүкілресейлік турнирде жүлдегер атанды.
БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасынан түскен мәліметке қарағанда, Ерасыл 48 кг салмақта қола жүлдені иеленді.
Бұдан бір апта бұрын Ерасыл Бақыт Оралда самбодан әлем чемпионы Асқар Шайхиевті еске алуға арналған 23 жасқа дейінгілер арасында халықаралық турнирде жеңімпаз атанған болатын. Оның бапкері - самбодан жастар арасындағы әлем чемпионы, ересектер арасында әлем чемпионатының күміс жүлдегері Бірлес Есенғалиев.
Еске сала кетейік, 11-13 қарашада Болгария астанасы София қаласында самбодан ересектер арасында әлем чемпионаты өтеді. Оған Қазақстан құрамасы сапында белгілі батысқазақстандық палуан, самбодан төрт мәрте әлем чемпионы Ерболат Байбатыров қатысады.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).