Батысқазақстандық палуан республикалық турнирдің жеңімпазы атанды

None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Шымкент қаласында қазақ халқының даңқты палуаны Қажымұқан Мұңайтпасовты еске алуға арналған еркін және әйелдер күресінен мәреге жеткен республикалық турнирде спортқа дарынды балаларға арналған мамандандырылған облыстық мектеп интернатының шәкірті Айдана Сұлтанова 40 кг салмақта жеңімпаз атанды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.  

БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасынан түскен мәліметке қарағанда, сондай-ақ Арина Асмамбетова 60 кг салмақта қола жүлдеге ие болды. Палуандарды баптаған Баймұрат Әбдірахманов пен Мұсабек Нарегеев.

Бұдан бұрын А.Сұлтанова Таиланд астанасы Бангкок қаласында кадеттер арасында өткен әйелдер күресінен Азия чемпионатында қола жүлдегер атанған болатын. Енді ол қыркүйек айында Грекия астанасы Афины қаласында өтетін әлем чемпионатына қатысады.

Айта кетейік, осы мектептің шәкірттері, бұған дейін таеквондодан Азия чемпионы атанған Лиана Кушкеева және дзюдодан құрлық біріншілігінің қола жүлдегері Ерлан Оңалов та дүниежүзілік додаға әзірленуде.