ОРАЛ. ҚазАқпарат - Шымкент қаласында қазақ халқының даңқты палуаны Қажымұқан Мұңайтпасовты еске алуға арналған еркін және әйелдер күресінен мәреге жеткен республикалық турнирде спортқа дарынды балаларға арналған мамандандырылған облыстық мектеп интернатының шәкірті Айдана Сұлтанова 40 кг салмақта жеңімпаз атанды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасынан түскен мәліметке қарағанда, сондай-ақ Арина Асмамбетова 60 кг салмақта қола жүлдеге ие болды. Палуандарды баптаған Баймұрат Әбдірахманов пен Мұсабек Нарегеев.
Бұдан бұрын А.Сұлтанова Таиланд астанасы Бангкок қаласында кадеттер арасында өткен әйелдер күресінен Азия чемпионатында қола жүлдегер атанған болатын. Енді ол қыркүйек айында Грекия астанасы Афины қаласында өтетін әлем чемпионатына қатысады.
Айта кетейік, осы мектептің шәкірттері, бұған дейін таеквондодан Азия чемпионы атанған Лиана Кушкеева және дзюдодан құрлық біріншілігінің қола жүлдегері Ерлан Оңалов та дүниежүзілік додаға әзірленуде.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).