Батысқазақстандық полицейлер жолда тұрып қалған жүргізушілерді қар құрсауынан құтқарды

Фото: None
ОРАЛ. 15 қаңтар. ҚазАқпарат - Батысқазақстандық полицейлер жолда тұрып қалған жүргізушілерді қар құрсауынан құтқарды.

Облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, Шыңғырлау аудандық ішкі істер бөлімі әкімшілік полициясы қызметкері 11 қаңтар күні Самара-Шымкент күре жолының 525-шақырымында жүк көлігінің жүргізушісі Сергей Ескинді құтқарды. Алматы қаласынан Мәскеуге қарай бет алған ол техникалық ақауды жою мақсатымен тоқтаған. Бірнеше уақыт өткеннен кейін автокөлік өздігінен қар құрсауынан шыға алмай қалады. Оны шығару үшін ауыр техниканың көмегі керек болды. Осы тұста әкімшілік полиция бөлімінің инспекторы, полиция капитаны Мерболат Тоғызбаев Алмаз ауылынан К-700 тракторын жүргізушісімен бірге қар құрсауындағы көлік пен жүргізушіге көмек көрсетуге алып келген.

БҚО ІІД әкімшілік полиция басқармасы жол-патрульдік полиция батальонының қызметкері, полиция старшинасы Әлібек Рахметов 13 қаңтарда сағат 19.00 шамасында Подстепное-Елек тас жолының Долинный селосы маңында, сонымен қатар сағат 19.40 шамасында Федоров ауылы тұсында қар құрсауында қалған жеңіл көлік жүргізушілеріне көмек етті.

БҚО ІІД Шыңғырлау АІІб әкімшілік полиция бөлімшесінің қызметкері, полиция капитаны Асхат Нысанов 13 қаңтар күні сағат 21.00 шамасында 515-шақырымдағы Самара-Шымкент тас жолында «Шаран» және «Фура» автокөліктерінің жүргізушілерін қар құрсауынан құтқарды.

14 қаңтар күні сағ 11.00 шамасында Ақтөбе облысымен шектесетін Самара-Шымкент тас жолында 40 автокөлік бірдей кептелісте тұр деген ақпарат келіп түсті. Бұл ауа райының күрт өзгеруіне байланысты орын алған. Кептеліске түскен жүргізушілерге БҚО ІІД ӘПБ жол-патрульдік полициясы капитаны Ақылбек Ишақатов пен полиция старшинасы Қайдар Жексенов көмекке келіп, арнайы көліктер шақыртып, көліктерді кезегімен қар құрсауынан құтқарды.