Батысқазақстандық сақшылар іздестірген 20 қылмыскер Ресейде ұсталды

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Соңғы үш жылда БҚО ішкі істер департаменті іздестірген 20 қылмыскердің бірлескен іс-қимыл нәтижесінде Ресей аумағында жүргені анықталып, ұсталды. Бұл туралы Оралдағы Достық үйінде Ресейдің көршілес бес өңірі мен Атырау облысы ішкі істер құрылымдары басшыларының қатысуымен өткен кеңесте БҚО ішкі істер департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Мақсұтхан Аблазимов мәлім етті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

Есірткі бизнесіне қарсы күрес, халықаралық терроризм мен діни экстремизм және заңсыз көші-қон мәселелері талқыланған жиында М.Аблазимовтың айтуынша, сол секілді аталған мерзімде ресейлік құқық қорғау органдары іздеу салған 37 қылмыскер БҚО аумағында құрықталды. Мұндай бағыттағы жұмыстарға Қазақстан және Ресей Федерациясы ішкі істер министрліктері бірлескен алқасы аясында бекітілген ведомствоаралық келісімнің тың серпін берері анық. Бұл, әсіресе, Ресейдің бес бірдей өңірімен шектесетін Батыс Қазақстан облысы үшін ерекше маңызды.

Департамент бастығы өңір басшылығының қолдауы нәтижесінде қылмыс санының, соның ішінде аса ауыр қылмыстардың 30,3, ауыр қылмыстардың 16,2 пайызға азайғанын жеткізді.

Кеңеске қатысқан облыс әкімінің орынбасары Бағдат Азбаев екі ел арасында барлық салада, соның ішінде қылмыс атаулымен күресте өзара тиімді қарым-қатынастың маңызы зор екендігін атап өтті.

Жиын барысында шекаралық ынтымақтастық пен бірлескен іс-қимылды нығайту туралы РФ ішкі істер министрлігінің бес облыстағы бас басқармасының басшылары өз ой-толғамдарын білдіріп, әсіресе, халықаралық терроризм мен діни экстремизм, есірткі тасымалы мен бизнесіне, заңсыз көші-қон мен адам саудасына қарсы күреске ерекше назар аударды. Мысалы, РФ ІІМ Орынбор облысы бойынша бас басқармасының басшысы Михаил Давыдов қылмыспен күрес шекаралас аймақтар үшін айрықша маңызға ие болып отырғанын, сондықтан  бірлесіп жұмыс жасаумен бірге жаңаша іс-тәсілдерге көшу қажеттігін жеткізді. Заңсыз көші-қон, есірткі мен қару тасымалы секілді қауіпті құбылыстарға тосқауыл қоймайынша, мемлекеттің тыныштығын қамтамасыз ету мүмкін емес. Бұл ретте халықаралық қылмыстық топтардың жолын кесу үшін үйлесімді жедел іздестіру шараларын жүргізудің мәні зор. Халықаралық терроризм мен діни экстремизм қаупі төніп тұрған мезгілде екі елдің арнайы қызметтері бақылауға алған адамдардың байланысын да дер кезінде анықтай білу керек.

ҚР ІІМ Саратов, Астрахан, Волгоград және Самара облыстары бойынша бас басқармаларының басшылары да ұсыныс-пікірлерін білдірді.

Кеңес соңында ҚР және РФ ішкі істер құрылымдарының шекаралас ынтымақтастығы бойынша бірлескен хаттамаға қол қойылды.