Батысқазақстандық самбошы Азияның жағажай ойындарында үздік атанды

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Пхукет қаласында (Тайланд) Азияның ІV жағажай ойындары өтуде.

БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, 11 қараша күні басталған аталмыш ойындар 23 қарашада мәреге жетпек. Онда марафондық қашықтыққа жүзу, желкенді спорт, жағажай су полосы, жағажай волейболы мен баскетболы, бодибилдинг, триатлон сынды спорт түрлерінен жарыстар өтуде.

Ойындар бағдарламасына жағажай самбосы да енгізілген. Мұнда Азияның 15 елінен самбошылар қатысуда. Соның ішінде батысқазақстандық Бағдат Жарылғасов та бар. 68 келі салмақта күрескен ол жекелей сында қола, командалық бәсекеде алтын медальді жеңіп алды. 68 келі салмақта моңғолиялық Тумуркуленг Даваадоржа чемпион атанса, қырғызстандық Артур Те екінші, Бағдат оңтүстіккореялық Минсук Жунгпен бірге үшінші орынды иеленді.

Айта кетейік, Бағдат Жарылғасов 2013 жылы Қазанда өткен жазғы Универсиада ойындарында күміс жүлдені еншілеген болатын. Оны Қазбек Ибрашев пен Райымбек Меңдіғалиев жаттықтырады.