ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батысқазақстандық Нұрымжан Ғаббасов Атырау қаласында спорттық және әскери самбодан өткен Қошқарбай Табынбаевты еске алуға арналған халықаралық турнирде топ жарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Самбошының ағасы Темірланның айтуынша, Сырым ауданы Жымпиты ауылында туып-өскен Нұрымжан 90 кг салмақта чемпион атанды.
«Нұрымжан қазір жиырма жаста, Оралдағы М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті дене шынықтыру және спорт факультетінің ІV курс студенті. Биыл самбодан жастар арасында Азия чемпионатының қола жүлдегері атанды. Оның алғашқы бапкері Ержан Шүкіров болса, қазір Бірлес Есенғалиев жаттықтыруда. Күні бүгін Нұрымжан Талдықорған қаласына тағы бір жарысқа кетіп бара жатыр», деді ҚазАқпарат тілшісіне Темірлан Ғаббасов.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).