ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батысқазақстандық Еділ Үсенов самбодан ардагерлер арасындағы Қазақстан біріншілігінде абсолютті чемпион атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасынан түскен мәліметке қарағанда, Қостанай қаласында академик Шайсұлтан Шаяхметовті еске алуға арналған самбо күресінен спорт шеберлері арасында өткен чемпионатқа еліміздің өңірлері мен Астана, Алматы қаласынан 200-ге жуық палуан қатысып, жас ерекшеліктеріне қарай күш сынасты.
Бұл біріншілікте алғаш рет 35-60 жас аралығында абсолютті чемпионға белдік тігілді. Осы сайысқа 15 спортшы қатысып, соның ішінен батысқазақстандық Еділ Үсенов жеңіс тұғырына көтерілді.
Жалпыкомандалық есепте де БҚО құрамасы 10 алтын, 6 күміс, 7 қола медальмен бірінші орынды жеңіп алды.
Самбодан ардагерлер арасында БҚО құрамасының аға бапкері, облыстық жоғары спорттық шеберлігі мектебі директорының орынбасары Қазболат Құрмашевтің айтуынша, батысқазақстандық палуандар енді қазан айында Марокконың Касабланка қаласында өтетін әлем чемпионатына дайындалады.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).