ОРАЛ. ҚазАқпарат - Минск қаласында самбо күресі мен әскери самбодан Беларусь Президентінің жүлдесі үшін өткен халықаралық турнирде батысқазақстандық самбошылар табысты өнер көрсетті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасынан түскен мәліметке қарағанда, Ресей, Украина, Беларусь, Румыния, Грузия, Түркменстан және Қазақстан елдерінен мықты палуандар қатысқан айтулы додада спорттық самбодан Болатбек Райымқұлов 52 кг салмақта чемпион атанып, алтыннан алқа тақты. Ал Бағдат Жарылғасов (62 кг) пен Гауһар Сағадат (68 кг) қола жүлдені иеленді. Әскери самбодан 62 кг салмақта Қазбек Сұпығалиев күміс, Шыңғыс Қажиақбаров қола медальді жеңіп алды. Палуандарды Қазбек Ибрашев пен Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Райбек Меңдіғалиев баптайды.
Айта кетейік, осы жарыста сондай-ақ Қазақстаннан барған Бағлан Ибрагим (52 кг), Есет Қуанов (62 кг), Ерасыл Қажыбаев ( 100 кг), Динара Жұмабаева (64 кг), Гүлнұр Ерболова (52 кг), Мақат Нұралиев самбодан қола жүлдені еншіледі. Ал әскери самбодан Руслан Аушев ( 100 кг) чемпион атанды.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).