ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батысқазақстандық спортшы Нармағанбет Иманғазыұлы ұлттық спорт түрлері бойынша Алматыда ересектер арасында өткен ел чемпионатында аударыспақтан жеңімпаз атанды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
БҚО ұлттық спорт мектебінің директоры Дастан Мырзағалиевтің айтуынша, Нармағанбеттің салмағында (60 кг) барлығы 14 спортшы бақ сынады. Солардың ішінен Н.Иманғазыұлы ешкімге дес бермей, үздік шықты. Сонымен қатар Мейірбек Құсайынов 90 кг салмақта үшінші орынға көтерілді. Оларды Ақтілек Сәрсенов жаттықтырады.
«Шәкірттеріміздің жеңіс тұғырынан көрінуі қуантады. Нармағанбет осымен төрт мәрте ел чемпионы атанып отыр. Бұған дейін жасөспірімдер, жастар арасында бірінші орын алса, енді, міне, ересектер сапында да чемпиондық атақты жеңіп алды. Сол секілді Мейірбек те жастар арасында ел біріншілігінің қола жүлдесіне ие болған еді», - деді «ҚазАқпарат» тілшісіне Дастан Мырзағалиев.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).