ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батысқазақстандық Кенжеқыз Қаупенова Түркияның Анталия қаласында қол күресінен жастар мен қыздар арасында өткен әлем чемпионатының жүлдегері атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Облыстық Дене шынықтыру және спорт басқармасынан түскен мәліметке қарағанда, Кенжеқыз 65 кг салмақта күміс жүлдені жеңіп алды.
Батыс Қазақстан облысынан барған тағы бір спортшы Арайлым Қанатова төртінші орынға табан тіреді. Екеуін де Мұрат Ибатов жаттықтырады.
Бұдан бір жыл бұрын Кенжеқыз Қаупенова Мажарстан астанасы Будапеште жастар арасында өткен әлем біріншілігінде жеңімпаз атанған болатын.
Сонымен қатар Анталия қаласында қол күресінен мүмкіндігі шектеулі жандар арасындағы дүниежүзілік додаға БҚО-дан үш спортшы қатысты. Жиенбек Қошанов 70 кг салмақта күміс, Анастасия Сламихина 60 келіде қола медальға ие болды. Ардагер спортшы Азон Шаймарданов жұбаныш сыйлығын еншіледі. Бұлардың жаттықтырушысы - Аманбек Қошанов. Оралда мүмкіндігі шектеулі жандарға арналган спорт клубында қол күресі бөлімі ашылғанына небәрі тоғыз ай болса, бұған дейін батысқазақстандықтар ел және Азия чемпионаттарында үздік шыққан еді.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).