Батысқазақстандық спортшылар республикалық турнирлерде топ жарды

ОРАЛ. ҚазАқпарат - 4-6 қараша күндері Өскемен қаласында еркін күрестен 2001-2003 жылғы жасөспірімдер арасында өткен Қазақстан чемпионатында қос бірдей батысқазақстандық палуан жүлдеге ие болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.


Спортқа дарынды балаларға арналған мамандандырылған облыстық мектеп-интернаттан түскен мәліметке қарағанда, Әлихан Деменов 42 кг салмақта чемпион атанса, Нұржан Исағалиев (69 кг) қола жүлдені еншіледі. Оларды Мұсабек Нарегеев, Дулат Самиев, Гүлжанат Қожағалиева баптайды. Сондай-ақ еркін күрестен  жастар арасында БҚО құрамасының аға жаттықтырушысы Ринат Айжарықовтың қосқан үлесі мол. 2013 жылы 7-сыныпта спорт-интернатқа келген Әлихан биыл Оралдағы №10 мектепке, сол секілді бір жыл тәлім алған Нұржан Сырым ауданындағы Бұлдырты мектебіне ауысты.

 

Аталған мектеп-интернаттың шәкірттері Қызылорда қаласында бокстан 2001-2002 жылғы қыздар және 2003-2004 жылғы жасөспірімдер арасында ҚР тәуелсіздігінің 25 жылдығына және Жалаңтөс баһадүрді еске алуға арналған Х республикалық турнирде де топ жарды. Атап айтқанда, Бисұлтан Даренов (30 кг), Санжар Марксов (34 кг), Әмір Сейілхан (32 кг) жеңімпаз атанса, Лунара Алхамова (50 кг), Нұрберген Ермеков (34 кг) үшінші орынды иеленді.