Батысқазақстандық студент республикалық мүшәйрада топ жарды

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Ақтөбе қаласында Ғазиза Жұбанованың 90 жылдығына арналған «Жыр жазамын жүрегімнен» атты республикалық мүшәйра мәреге жетті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Ақтөбе облысының әкімдігі, мәдениет басқармасы мен Сағи Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасы ұйымдастырған жыр бәйгесіне 18-45 жас аралығындағы үміткерлер қатысып, бақ сынады.

Ақындар Ертай Ашықбаев, Бауыржан Бабажанұлы, Ербол Бейілхан қазылық еткен жабық мүшәйраға үміткерлер өз өлеңдерін бүркеншек есіммен жіберді. Сайыс қорытындысында солардың жетеуі ғана жүлдеге ілікті. Астанадан келген Айжан Тәбарак бас жүлдені (350 мың теңге) жеңіп алса, М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің студенті Асылай Ниязбаева бірінші орынға (250 мың теңге) ие болды.

«Мен өзім Атырау облысы Индер ауылында туып-өстім. Қазір Оралдағы М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті филология факультетінің төртінші курсында оқимын. Бұдан бұрын да мүшайраларға қатысып жүрмін. Осы жолғы сапар мен табыстың жөні бөлек әрі «Жұбановтар әлемі» мәдениет орталығының ашылу рәсіміне қатысып, ерекше әсерге бөлендік», - деді «ҚазАқпарат» тілшісіне Асылай Ниязбаева.