ОРАЛ. ҚазАқпарат - Құрамында Батыс Қазақстан облыстық сотының судьялары Есенбай Боранбаев, Махамбет Бақтығұлов және облыстық соттың кеңсе мамандары бар жұмыс тобы Жұбан елінде - Ақжайық аудандық №2 және Ақжайық аудандық соттарында арнайы жұмыс сапарымен болып қайтты.
БҚО сотының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, жұмыс тобы Тайпақ, Ақжайық ауылдарындағы аудандық сот ғимараттарында сот, прокуратура, ішкі істер органдары және жұртшылық өкілдерімен кездесіп, Елбасының «Нұрлы жол - болашаққа бастар жол» атты Жолдауын орындау бағытында сот жүйесінің алдында тұрған міндеттер жөнінде жан-жақты айтып, кешікпей қолданысқа енгізілетін заңнамалардағы өзгерістер туралы да салиқалы әңгіме қозғады. Білікті сот мамандары сот төрелігін жаңа технологиялар арқылы жүзеге асырудың мәністерін түсіндіріп, жаңа ендірімдер туралы тәжірибелік көмектер көрсетті. Медиацияны сот арқылы жүзеге асырудың маңызына назар аударды.
Аудан жұртшылығының өкілдері жұмыс тобына көкейлерінде жүрген сауалдарын қойып, тұшымды жауаптар алды.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).