Батысқазақстандық таеквондошылар республикалық турнирден жеңіспен оралды

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батысқазақстандық таеквондошылар Алматы облысы Қаскелең ауданында Қарасай батырды еске алуға арналған балалар, жасөспірімдер және жеткіншектер арасында ХІІ республикалық турнирден жеңіспен оралды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.


Таеквондодан БҚО құрамасының аға жаттықтырушысы Арслан Ордабаев бастап барған спортшылар арасынан Лиана Кушкеева мен Әділ Амангелдиев турнир чемпионы атанса, Ян Черенцов қола жүлдені иеленді. Бұл жарысқа Астана, Алматы қалалары мен республика облыстарынан балғын таеквондошылар қатысып, жас ерекшеліктеріне қарай бақ сынады. Турнир WTF - Бүкіләлемдік таеквондо федерациясының ережелеріне және шарттарына сәйкес, олимпиадалық жүйемен өткізілді.
 

Спортқа дарынды балаларға арналған мамандандырылған облыстық мектеп-интернатының әдіскері Гүлдария Сисенованың айтуынша, Лиана осы білім ордасының 7-сыныбында оқиды.

Жалпы, аталмыш мектептің шәкірттері басқа жарыстардан да олжалы оралып жүр. Айталық, Қостанай қаласында еркін күрестен Қазақстанның және КСРО-ның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Петр Матущакты еске алуға арналған ХІІ республикалық турнирде Зейнеп Баянова мен Дана Сағыналиева күміс, Эльвира Құттыбай, Сәбит Түгелтаев, Арина Асмамбетова қола жүлдені иеленді. Оларды Мұсабек Нарегеев, Дулат Самиев, Гүлжанат Қожағалиева жаттықтырады.