Батысқазақстандық театр халықаралық фестивальдің бас жүлдесін иемденді

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театры Македонияда мәреге жеткен «Стоби - 2017» халықаралық театр фестивалінің бас жүлдесін жеңіп алды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

Батысқазақстандық театр Х.Мюллердің «Филоктет-Медея» трагедиясымен айтулы өнер додасына қатысты. Қойылымның режиссері - белгілі режиссер, Ш.Айтматов атындағы халықаралық сыйлықтың лауреаты Қуандық Қасымов.
 

Аталмыш фестивальде сондай-ақ театр актері Салауат Түменов «Ең үздік ер адам», ал ҚР мәдениет саласының үздігі Нұргүл Жұбатова «Ең үздік әйел образы» аталымы бойынша үздік атанды.

Еске сала кетейік, батысқазақстандық театр аталмыш фестивальде осымен екінші рет бас жүлде иегері атанып отыр. Театр бұдан бір жыл бұрын Македонияның Велес қаласында өткен «Стоби - 2016» антикалық драма театрларының ХV халықаралық фестивалінде де үздік шыққан болатын. Онда батысқазақстандық ұжым көне грек драматургі Еврипидтің әйгілі шығармасы негізінде «Троя аруларын» (оның да режиссері Қуандық Қасымов) сахналаған еді. Сол додада Гран-приге қоса Қуандық Қасымов «Ең үздік режиссура», Гекуба бейнесін сомдаған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бибігүл Есалиева «Ең үздік әйел образы» аталымдарын еншілеп қайтқан болатын.