Батысқазақстандық университет сайты халықаралық байқауда үздік атанды
19:07, 25 Сәуір 2011
ОРАЛ. 25 сәуір. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің www.wksu.kz web-сайты Мәскеу қаласында өткен халықаралық «Алтын тор» байқауында «Халық таңдауы» аталымы бойынша бас жүлдені жеңіп алды.
Ресей, Украина, Қазақстан және Беларус мемлекеттерінің 128 web - жасақтаушысы ұсынған 525 интернет-жобаның ішінен www.wksu.kz web-сайтының үздік атануы - оралдық студент жастардың жаңашылдығы мен біліктілігінің айқын дәлелі.
Осыдан жеті жыл бұрын бастау алған «Алтын тор» байқауы интернет-технологияларды пайдалану арқылы ақпараттық қоғамды дамытуды көздейді. Егер 2005 жылы жастардың интернет-жобалары байқауына тек елу жоба ғана қатысса, бүгінгі таңда сайт пайдаланушылар саны 25 мыңнан асты. Жыл санап маңызы артып, ауқымы кеңейіп отырған халықаралық байқауға Қазақстан 2009 жылдан бастап қатыса бастады. Ал елімізге алғашқы қомақты жеңісті М.Өтемісов атындағы БҚМУ студенттері сыйлап отыр.