Батысқазақстандық университетте «Жігіт сұлтаны» анықталды
16:57, 25 Сәуір 2013
ОРАЛ. 25 сәуір. ҚазАқпарат - 25 сәуір күні Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде «Жігіт сұлтаны» байқауы мәреге жетті.
Байқау «Таныстырсам өзімді», «Сегіз қырлы, бір сырлы», «Ескірмейтін есті сөз», «Кім жылдам?» атты сайыстардан тұрды.
Барлық сыннан сүрінбей өтіп, бас жүлдені жеңіп алған политехникалық факультет намысын қорғаған Райымбек Мұқашевтің иығына «Жігіт сұлтаны - 2013» лентасы тағылып, қанатын қияға қомдап тұрған қыран мүсіні табыс етілді. Экономика және бизнес факультетінің студенті Ерлан Қажымұратов - бірінші, агрономия факультетінен Темірлан Ғаббасов - екінші, Ернар Айғалиев үшінші орынды еншіледі. Машина жасау факультетінен Мереке Есениязов пен Рустам Өзбеков арнайы аталымдармен марапатталды. Барлық қатысушылар дипломдар мен бағалы сыйлықтарға ие болды.
Аталмыш шара алдағы жылы да жалғасын таппақ.