ОРАЛ. 24 желтоқсан. ҚазАқпарат - Жуырда батысқазақстандық қылқалам шеберлері Надежда Тихонова, Қанат Оразов және Мэлс Отаров Қазақстан Суретшілер одағының мүшелігіне қабылданды.
Осыған орай оларға мүшелік куәліктерін «Өнер» қоғамдық қоры мен «БҚО Суретшілер одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Қуандық Мәдір тапсырды.
Өзі де белгілі суретші Қ.Мәдірдің айтуынша, Надежда Тихонова көп жылдан бері бейнелеу өнері саласында еңбек етеді, ұзақ жылдар қалалық көркемсурет мектебінде дәріс берді, директор қызметін атқарды. Адамның ішкі рухани дүниесінің нәзік қылын шертетін шығармалар жазумен айналысады, қазір зейнеткерлік демалыста. Қанат Оразов - ұлттық тақырыпта, қазақи таным-түсінікпен тарихи бағытта жұмыстанатын қылқалам иесі. Дарынды балаларды тәрбиелеу ісінде жоғары санатты оқытушы. Ал Мэлс Отаров - өзінің дүниетанымдық ойларын астарлы пәлсафамен өрнектеп жүрген суретші. Облыстағы дарынды жас қылқалам шеберінің бірі. Бұл үш суретші де - көптеген облыстық, республикалық, халықаралық байқау-көрмелерге, фестивальдерге қатысып, тәжірибе жинақтаған қылқалам шеберлері.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).