ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батысқазақстандық дзюдошылар Саратовта дзюдо күресінен 1997-1999 жылғы жастар мен қыздар және 2000-2002 жылғы жасөспірімдер мен қыздар арасында қаланың ашық кубогы үшін өткен жарыстан табыспен оралды.
Спортқа дарынды балаларға арналған мамандандырылған облыстық мектеп-интернаттан түскен мәліметке қарағанда, атап айтқанда, Нұрсұлтан Зайзағалиев 46 кг, Ерлан Оңалов 50 кг және Мансұр Қуанышов 55 кг салмақта қарсылас шақ келтірмей, чемпион атанды. Сондай-ақ, Мирас Ерболатов 66 кг, Шыңғыс Меңдібаев 55 кг, Дәурен Закареев 100 кг салмақта күміс жүлдені иеленсе, Шыңғыс Шадрахман 60 кг, Бибарыс Нұралиев 55 кг салмақта үшінші орыннан көрінді.
Жас дзюдошыларды Нариман Бекқалиев жаттықтырып келеді.
Айта кетейік, аталмыш мектеп шәкірттері басқа да жарыстардан олжалы оралуда. Мысалы, Ақтөбе облысы Шалқар қаласында ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай грек-рим күресінен Мұрат Есенжолов пен Мәулен Көпесовті еске алуға арналған 2001-2002, 2003-2004 жылғы жасөспірімдер арасында өткен облыстық ашық турнирде Мирланбек Амангелиев (39 кг) бірінші, Елжас Самиғуллин (47 кг) мен Санжар Лекеров (53 кг) үшінші орынды еншіледі. Бұл палуандардың бапкері - Артур Үмбетқалиев.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).