ОРАЛ. ҚазАқпарат - Петропавл қаласында балалар мен жасөспірімдер арасында ұлттық спорт түрі жекпе-жектен ел чемпионаты мәреге жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО ұлттық спорт мектебінің директоры Дастан Мырзағалиевтің айтуынша, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған айтулы додаға 15 команда құрамында 300-ден астам спортшы қатысты.
Жарыс елімізде ұлттық спорттың жекпе-жек түрімен айналысушы жас буынның қатары көбейіп келе жатқандығын тағы бір танытты. Соның ішінде батысқазақстандықтар да табысты өнер көрсетіп, жүлдегерлер қатарынан көрінді. Жасөспірімдер арасында Қадырбек Асылбеков 43 кг салмақта қарсылас шақ келтірмей, чемпион атанды. Ал Шыңғыс Шайхолла 35 кг салмақта үшінші орынға көтерілді. БҚО ұлттық спорт мектебінің шәкірттерін бапкер Айдын Ихсанов жаттықтырады.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).