Ата-бабадан мұра болып қалған салт-дәстүрді жаңғыртуды мақсат еткен «Бастаңғыға» Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов, БҚО қоғамдық даму басқармасының басшысы Нұрділдә Ораз және аудан әкімі Қалияр Айтмұхамбетов арнайы келіп, жастармен кездесті. Емен-жарқын өткен жүздесу барысында жастардың ұлттық құндылықтарды дәріптеуге қосар үлесі, жастар саясатын дамытуға мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау-көмек туралы сөз болды.
Әр ауылдан жиналған қыз-жігіттер кең даланың төсіне киіз үй тігіп, қазан-ошағын сайлап, ұмытылған ғұрыптарды еске түсірді.
Бұл шараның ерекшелігі – халқымыздың ұмыт қалған жөн-жоралғысын жастарға үлкендер емес, жастардың өзі көрсетті. Алаңның бұрыштарында тігілген киіз үй, буы бұрқырап, бұрқ-сарқ қайнаған самаурын, қос бұрымды, бүрмелі етекті бойжеткен, қиқулатып көкпар тартқан жігіттер – осының бәрі жайлауға қоныс тепкен қазақ ауылының мамыражай тірлігін елестеткендей болды.
Меймандарды ән-күймен қарсы алған жастар көне дәстүрлерді былайша жаңғыртты. Алдымен күйеуінен рұқсат алып, өзара сауық құрған келіншектер «Абысын асынан», ауылдан көшкен ағайынның көршілеріне ұсынған «Ажырасу көжесінен» дәм татқызды. Үш-төрт жігіт бай ағаларынан «Деңгене» дәметіп барса, ауылдың қыз-келіншектері бірлесіп, киіз басып, «Қой басты» салтымен көмекке келгендерге тәтті тағам таратылды. Тағы бір дәстүр – қанжығасы майланған аңшының жолын тосқан қыз-жігіттер оны «Майлансын» деп қарсы алды. «Батырдан сауға, аңшыдан сыралғы» деген мәтел осы «Сыралғыдан» қалса керек.
Он екі қанат ақшаңқан киіз үйдің жанында да ән айтып, тағам дайындаған жастардың да өз міндеті бар екен. Олар үлкен дастархан жайып, оны ұмытыла бастаған дәммен толтырды. Үйге келген қонақтар өрме тас, қарма, үлпершек, көмбе, сырбаз қуырдақтан ауыз тиді.
«Әдетте қазақы дәстүр, ұлттық құндылықтарымызды Ұлыстың ұлы күнінде ұлықтап, еске түсіріп жатамыз. Бүгін ауыл-елден жиналған жастар осы мерекені себеп етпей-ақ, әркез ата-бабаларымыздан мирас боп қалған салт-дәстүрімізді ұрпаққа сабақтастыру керек екенін көрсеттік. Бір-бірімізбен танысып, керемет жып-жылы көңіл-күй орнады. Біздің мақсатымыз – мән-мағынасы тереңнен тамыр тартатын дәстүрлерімізді жаңғырту, жаңаша тыныс беру», - дейді Базартөбеден «Бастаңғыға» келген Лаура Құбашева.
Сонымен қатар, алаңда жастар бір-бірімен бұқа тартысып, садақ атып, теңге іліп, аударыспақтасып, асық ойнап, ұршық иіріп жарысты.
Облыс әкімінің орынбасары Б. Нарымбетов ақжайықтық қыз-жігіттердің белсенділігін атап өтіп, мұндай бастаманы кеңінен қолдауға болатындығын жеткізді.
«Алдымен идея туындайды, сосын ол сіздердей елжанды, ұлтын сүйер жастардың арқасында жүзеге асып, керемет бастамаға айналады. Міне, біз де бүгін осындай жарқын істің куәсі болдық. Ұлықталған салт-дәстүрлердің бәрі әр жасқа насихатталуы керек. Ол үшін үлкен ұйымдастыру жұмысы басталады. Сіздердің бастамаларыңызды әрі қарай Youtube-те, телеарнада арнайы жоба етіп, іліп әкетсек, нұр үстіне нұр. Ақжайық ауданының қыз-жігіттерінің идеясынан осындай үлкен жұмыс бастау алды десек, өздеріңіздің мерейіңіз», - деген Бақытжан Хаберұлы әлеуметтік сала, жастар саясатындағы оң өзгерістерді тілге тиек етті. Сонымен қатар, ол аудандағы жастардың көшбасшыларына өзінің Алғыс хатын табыстады.