Батысқазақстандық жастар Сочиде өткен Қазақстан-Ресей ІІІ жастар экономикалық форумына қатысты (ФОТО)

ОРАЛ. ҚазАқпарат - БҚО жастарының өкілдері Сочиде өткен Қазақстан-Ресей ІІІ жастар экономикалық форумына қатысты.

Жеті адамнан тұратын БҚО делегациясын бастап барған облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма басшысы Азамат Айтуевтің хабарлауынша, батысқазақстандық және ресейлік жастар ең алдымен агроөнеркәсіп кешені саласындағы ынтымақтастық мәселелерін, сондай-ақ өзара тиімді қарым-қатынас орнату жолдарын талқылады. Әсіресе, ауыл шаруашылығында жастар кәсіпкерлігін дамыту, жаңа технологияларды енгізу, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі сөз болды. 14 қыркүйек күні басталған жастар форумы аясында батысқазақстандықтар барлық секциялық отырыстарға, шеберлік сағаттарына қатысып, ұсыныс-пікірлерімен бөлісті. 15 қыркүйек күні пленарлық мәжілісте екі ел министрліктерінің, Еуразия экономикалық комиссиясының өкілдері өз ой-толғамдарын ортаға салды. Сондай-ақ жас ғалымдар агроөнеркәсіп кешені мен азық-түлік қауіпсіздігінен басқа ауыл жастарының өзекті мәселелері жөнінде тәжірибе алмасты.

Ең бастысы, екі ел жастары бірлескен идея-жобаларды жүзеге асыру бағытында тағы бір қадам жасады. Мұндай байланыс алдағы уақытта да жалғасын табатын болады.