Батысқазақстандық жазушы Мира Шүйіншәлиеваның жаңа кітабы жарық көрді

ОРАЛ. ҚазАқпарат – Ж.Молдағалиев атындағы облыстық ғылыми әмбебап кітапханасында жазушы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, халықаралық «Шабыт» фестивалінің лауреаты, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Мира Шүйіншәлиеваның «Өкініш» кітабының тұсауы кесілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қаламгердің жаңа кітабы мемлекеттік тапсырыспен Алматыдағы «Қазақ кітабы» баспасынан басылып шықты.

Белгілі сыншы, әдебиет зерттеушісі Бақыт Сарбалаұлы «Өкініш» повесін роман деп бағаласа, филология ғылымдарының докторы, профессор Гүлжаһан Орда арнайы мақала жазған болатын.

Мираның басқа да туындылары танымал жазушылар мен әдеби қауым тарапынан лайықты бағасын алып үлгерді.

Осыған орай ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен 3 мың дана таралыммен басылып шыққан «Өкініш» кітабы республика кітапханаларына тегін таратылды.

Таныстырылым барысында облыс әкімінің орынбасары Серік Егізбаев өңір басшысы Ғали Есқалиевтің атынан гүл шоғын табыс етіп, прозаиктың қаламынан жаңа туындылардың өмірге келе беруіне тілектестігін білдірді.

«Кітап жазу ешқашан оңай болмаған. Сіздің туындыларыңызға Әбдіжәміл Нұрпейісов, Дулат Исабековтей аға буын өкілдері жоғары бағасын берді. Арнайы мақалалар жазылып, әдеби туындыларыңыз зерттеліп жатыр. Алдағы уақытта бұдан да биік табыстарға қол жеткізуіңізге тілектеспіз» деді Серік Рахметоллаұлы.

Орал қаласының әкімі Абат Шыныбеков Мира Шүйіншәлиеваның жазушылық еңбекпен айналысып қана қоймай, журналистика саласында да жемісті қызмет атқарып келе жатқанын, әсіресе, қазіргідей індет кезінде аз адаммен қалалық «Жайық үні» газетін сапалы шығарып отырғанын атап өтті.

«Мира – қазіргі қоғамның тыныс-тіршілігін, түрлі адамдар тағдырын, әсіресе, қазақ қызы мен әйелінің басындағы жай-күйін шығармасына арқау етіп жүрген қаламгер. Газет шығара жүріп, кітап жазу оңай емес. Проза саласында өндіре еңбек етіп жүрген қазақ қыздары көп емес, соның бірі – Мира» деді ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Ақұштап Бақтыгереева.

Педагогика ғылымдарының докторы, профессор Шалқыма Құрманәлина, ақын, Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының төрағасы Бауыржан Халиолла және басқалар Мира Шүйіншәлиеваның қазақтың жазушы қыздары арасында орны бөлек екендігін атап өтіп, туындыларының елге кеңінен таралуына тілектес екендігін жеткізді.



Суреттерді түсірген Рафхат Халелов