ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батысқазақстандық Жәңгір Жолдасбаев Теміртау қаласында суға жүзуден 2003-2004 жылғы жасөспірімдер арасында өткен ел чемпионатынан жеңіспен оралды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
Ол брасс әдісімен жүзуде 50 метр және 100 метр қашықтықта чемпион атанса, 200 метрден қола жүлдені иеленді. Жәңгір қазіргі таңда қаладағы №44 орта мектептің 7-сыныбында оқиды.
«Су спорты түрлері бойынша балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде («Жайық самалы» жүзу бассейнінде) жаттығатын Жәңгір Жолдасбаев, 13 жасар Мәншүк Сұлтанғалиева сынды болашағынан үміт күттіретін жеткіншектеріміз баршылық. Жәңгірді енді 3-5 сәуір аралығында Ақтөбе қаласында суға жүзуден ересектер арасында өтетін Қазақстан чемпионатына дайындап жатырмыз», деді бапкері Ерлан Молдашев.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).