Батысқазақстандық жыршы Фархат Оразов Атырауда өткен байқаудың бас жүлдесін жеңіп алды

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батысқазақстандық жыршы Фархат Оразов Атырауда ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай мәреге жеткен «Жасай бер, қазақ елі» атты республикалық жыраулар байқауының жеңімпазы атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.


Атырау облыстық дін істері басқармасы, «Шапағат» қоғамдық қоры ұйымдастырған өнер сайысына 30 адам алдын ала аудиожазбаларын жіберген. Солардың ішінен 10 жыршы іріктелініп алынса, соның жетеуі Астана, Алматы қалалары мен Маңғыстау, Батыс Қазақстан және Атырау облысы атынан қорытынды сынға түскен. Бас жүлдені (1 млн. теңге) Фархат Оразов жеңіп алса, алматылық Серік Адай бірінші орынды иеленді. Басқа да жүлдегерлерге дипломдар мен ақшалай сыйлықтар табыс етілді.

 

Айта кетейік, бұл - Фархат Оразовтың биылғы жылы алып отырған екінші бас жүлдесі. Бұдан бұрын ол Оралда қараша айында өткен Жақсылық Сәрсенғалиев, Қаламқас Орашева және Қалампыр Рахимованы еске алуға арналған «Термелетіп жырлайын» атты республикалық термешілер байқауының жеңімпазы атанған еді. Оған қоса Башқұртстан астанасы Уфа қаласында 23-24 қазанда өткен бүкілресейлік жыршылар (сэсэндер) фестивалінің күміс жүлдегері  және Алматы қаласында қараша айында «Текті сөздің төресі - терме» жыршы-термешілердің республикалық байқауының екінші орын иегері атанған болатын.